Қазақстанда жұмыс барысында жасанды интеллектіні пайдаланған корпоративтік заңгерлерге қарсы сот талаптары берілген жағдайлар тіркелді. Олар ChatGPT чат-ботына құжаттар жүктегені үшін құпия ақпаратты жария етті деп айыпталып отыр. Бұл туралы Qazaqstan IGF 2026 интернетті басқару жөніндегі ұлттық форумда белгілі болды, деп хабарлайды Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығы. «Әріптестерімнің қарауында корпоративтік заңгерлерді құпия ақпаратты жария етті деп айыптауға қатысты істер бар. Бұған олардың қандай да бір құжатты ChatGPT-ке жүктеуі себеп болған. Бұл оқиғаның немен аяқталатынын бір жылдан кейін кездескенде айтармын деп ойлаймын. Бірақ бұл – дабыл қағатын жағдай», – деді форумда заң ғылымдарының кандидаты, Қонаев университетінің проректоры Эльвира Өміршиева. Ол заң тәжірибесінде жасанды интеллектіні сауатсыз қолданудың тағы бір мысалын келтірді. «Жақында Astana Finance Day форумына қатыстым. Сол жерде АХҚО сотының төрағасы сот процестерінде де өз ұстанымын жасанды интеллект көмегімен қалыптастыратын заңгерлердің қателіктері көп екенін айтты. Соның салдарынан олар сотта жеңіліп жатады», – деді ол. Спикердің айтуынша, жасанды интеллект ойдан шығарылған фактілерді, қате мәліметтер мен жалған қорытындыларды ұсынуы мүмкін. Сондықтан заңгерлер заңнама мен құқық теориясы бойынша өз білімдеріне сүйенуі керек. Ал ЖИ келісімшарттарды талдау, істің ықтимал нәтижесін болжау, деректер жинау, үлгілік құжаттар әзірлеу және талап хаттарын жазу сияқты күнделікті міндеттерді орындауға көмектесетін жеке көмекші бола алады. «Қазір нарыққа цифрлық дағдыларды меңгерген заңгерлер қажет. Жасанды интеллектіні пайдалану арқылы олар көбірек құжатты өңдеп, күрделі ақпаратты көрнекі түрде ұсына алады және деректерге талдау жасайды. Бұрын деректерді қолмен талдасақ, қазір Big Data технологиялары мұны санаулы секундта орындауға мүмкіндік береді», – деп қосты заңгер. Эльвира Өміршиева оқытушылық тәжірибесінен де мысал келтірді. Оның айтуынша, заң факультеттерінің кейбір студенттері сабаққа дайындалғанда жасанды интеллект ұсынған ақпаратқа толық сүйенеді. «Кеше жобаларды қорғау кезінде бір тақырыпты бірден қабылдамадым. Өйткені онда Ресей Федерациясының Азаматтық кодексінің 12.25-бабына сілтеме жасалған. Мен қорғауды бірден тоқтатып, біз Ресей заңнамасын емес, Қазақстан заңнамасын оқитынымызды айттым. Сондықтан жұмысты қайта өңдеуге жібердім. Бұл – жасанды интеллектінің галлюцинациясы, ал студент ақпаратты қайта тексермеген, фактчекинг жасамаған», – деді ол. Заңгер жоғары оқу орындарын құқық теориясын терең меңгерген әрі жасанды интеллектіні тиімді қолдана алатын мамандар даярлауға шақырды. Сондай-ақ бизнес пен технологиялық компаниялар болашақ мамандарды тағылымдама бағдарламалары мен арнайы курстар арқылы даярлауға үлес қосуы керек екенін атап өтті. Персоналдық деректер мен құпия ақпаратты қорғау мәселесі OpenAI компаниясының қыркүйекте ChatGPT пайдаланушыларының нақты диалогтарын талдау үшін адам-рецензенттерді тартатыны туралы мәлімдемесінен кейін де өзекті бола түсті. Сарапшылар компанияларға жасанды интеллектіні пайдалану тәртібін нақты белгілейтін ішкі ережелер әзірлеуді ұсынады. Freedom Cloud компаниясының бас директоры Темірлан Зиналабдиннің пікірінше, бұл құжаттарда сыртқы сервистерде ақпараттың қандай санаттарын өңдеуге рұқсат етілетіні, қайсысына арнайы шарттар қажет екені және қандай деректер бақыланатын инфрақұрылымнан мүлде шығарылмауы керектігі көрсетілуі тиіс. Мысалы, ашық ақпарат негізінде мәтін дайындау мен клиенттер базасын, қаржылық операцияларды немесе компанияның ішкі стратегиялық құжаттарын талдаудың тәуекел деңгейі бірдей емес. Сарапшының пікірінше, бизнестің міндеті – жасанды интеллектіні енгізуді тоқтату емес, оны басқарылатын үдеріске айналдыру. «Негізгі қауіп жасанды интеллектінің өзінде емес, компаниялардың сыртқы сервистерге берілетін ақпаратқа бақылауды жиі жоғалтуында. Қарапайым жағдайды елестетіп көрейік. Қызметкер тезірек талдау жасау немесе құжат әзірлеу үшін коммерциялық ұсынысты, ішкі қаржылық есепті немесе клиентпен жасалған келісімшартты AI-сервиске жүктейді. Оның мақсаты – уақыт үнемдеу. Бірақ компания үшін бірқатар сұрақ туындайды: деректер қайда жіберіледі, қай жерде өңделеді, қанша уақыт сақталады және оларға кімнің қол жеткізуі мүмкін? Сыртқы AI-сервисті пайдалану жай ғана бағдарламамен жұмыс істеу емес екенін түсіну маңызды. Көп жағдайда бұл – ақпаратты үшінші тарап жеткізушісінің инфрақұрылымына беру. Оның үстіне қызметкерлердің бәрі бірдей жүктелген бір құжаттың өзінде коммерциялық құпия, дербес деректер немесе басқа да құпия ақпарат болуы мүмкін екенін түсіне бермейді», – деп ескерткен еді сарапшы. Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бағалауынша, 2035 жылға қарай жасанды интеллект елдегі барлық кәсіптің жартысына жуығына әсер етеді. Сонымен қатар шамамен 4 млн жұмысшыға ЖИ-мен жұмыс істеу дағдыларын меңгеру қажет болады. Осыған байланысты еңбек министрлігі жұмыспен қамту жүйесін төрт негізгі бағыт бойынша кешенді түрде жаңғыртып жатыр. Олар – кадр даярлауды экономиканың сұранысымен сәйкестендіру, қызметкерлердің дағдыларын жедел жаңарту және қайта даярлау, цифрлық жұмыспен қамту қызметін құру, платформалық жұмыспен қамтуды дамыту және қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды күшейту. Бұдан бөлек, Қазақстанда eGov AI әмбебап жасанды интеллект көмекшісі әзірленеді. Ол біртіндеп халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін алмастыруы мүмкін.
Материал бастапқы дереккөзден алынған:
Kapital.kz
Толық мәтінді Kapital.kz сайтында оқуМатериал ашық дереккөздерден жиналған. Оның орналастырылуы сіздің құқықтарыңызға тиіп жатса → Ақпаратты жою
ChatGPT-ке құжат жүктеген қазақстандық заңгерлер сотқа тартылды
Оларға құпия ақпаратты жария етті деген айып тағылып отыр
AI қорытындысы: Басты тезистер
- Оларға құпия ақпаратты жария етті деген айып тағылып отыр
Ұқсас материалдар
Екі AI агенті бір-бірімен сөйлесіп жатқанын түсініп, машина тіліне ауысты
🤖 Екі AI агенті бір-бірімен сөйлесіп жатқанын түсініп, машина тіліне ауысты. GibberLink жобасының видеосы ғаламторда қайтадан тарады, онда екі дауыстық AI агенті ағылшын тілінде қалыпты сөйлесуді бастайды. Бірақ олар екеуі де нейрондық желілер екенін түсінгеннен кейін, адам...
AI чиптерін әзірлеуші Tenstorrent 1,5 миллиард доллар жинады
Компанияның құны $6,2 млрд ➦ Соңғы жаңалықтарды Kapital.kz бизнес порталынан оқыңыз.
Codex көмегімен пісіру: Эп. 1
Codex көмегімен пісіру сериясының осы бөлімінде OpenAI нүктесі рамен рецептін жоспарлауға және ChatGPT кеңістігінде дайындықты ұйымдастыруға көмектеседі, GPT-Live пісіру процесін басқарады. Сондай-ақ қарастырылады: ноутбук жабылғаннан кейін тапсырмаларды орындайтын Codex бұлттық орталары және жаңа Codex CLI мүмкіндіктері…
CoreWeave қарызы бүкіл AI индустриясы үшін проблемаға айналуда
CoreWeave қарызы AI индустриясында алаңдаушылық туғызып, басқа компанияларға қауіп төндіреді.
