Қазақстанның салық заңнамасына бағынған шетелдік интернет-гиганттар ел бюджетін миллиардтаған қаржымен толықтырды. Мемлекеттік кірістер комитеті жүргізген камералдық бақылау нәтижесінде Pinduoduo мен Claude AI әзірлеушісі 8 миллиард теңгеге жуық салық төледі, деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығы. Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан аумағында жұмыс істейтін шетелдік интернет-платформалардың салық төлеуін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыруда. Атап айтқанда салықтық әкімшілендіру нәтижелері бойынша Pinduoduo бюджетке 6,8 млрд. теңге (15,1 млн АҚШ доллары) аударды. Сонымен қатар, Claude жасанды интеллект көмекшісін әзірлеуші Anthropic, PBC компаниясы өткен салықтық кезеңдер үшін 1,2 млрд. теңге (шамамен 2,6 млн АҚШ доллары) төледі. Компания камералдық бақылау нәтижелері бойынша жолданған хабарламаларды орындады. Айта кетейік, заңнамада шетелдік интернет-платформалар салық заңнамасының талаптарын орындамаған жағдайда олардың интернет-ресурстарына қолжетімділікті шектеу мүмкіндігі көзделген. «Осыған байланысты Комитет Ұлыбританияда тіркелген Farfetch платформасының операторына камералдық бақылау хабарламасын жолдады. Хабарлама орындалмағандықтан, Қазақстан аумағында Farfetch интернет-ресурсына қолжетімділік шектелді», деп хабарлады комитет. Farfetch — киім, аяқкиім және аксессуарлар, оның ішінде танымал брендтердің тауарлары сатылатын халықаралық онлайн-платформа. Комитет мұндай шаралар тиісті талаптар қолданылатын және Қазақстан бюджеті алдындағы салықтық міндеттемелерін орындамайтын барлық шетелдік интернет-платформаларға заңнамада белгіленген тәртіппен қолданылатынын еске салды.