Alphabet холдингі Qualcomm чип өндірушісінің шамамен $548 млн тұратын акцияларын сатып алды. Инвестиция 2026 жылдың үшінші тоқсанында жасалған. Бұл қадам Qualcomm компаниясының жасанды интеллект инфрақұрылымы мен деректер орталықтарына арналған процессорлар нарығына шығуын күшейту жоспарымен тұспа-тұс келді, деп хабарлайды Tech-news. Alphabet пен Qualcomm бірнеше жылдан бері әріптестік орнатып келеді. Qualcomm Android операциялық жүйесінде жұмыс істейтін смартфондарға арналған процессорлар жеткізеді. Жақында екі компания Googlebook премиум ноутбуктерінің жаңа желісін әзірлеу барысында да бірлесіп жұмыс істеді. Бұл құрылғылар Qualcomm чиптерімен жабдықталады. 2024 жылы тараптар автомобиль өнеркәсібінде жасанды интеллект технологияларын қолдануға арналған чиптер мен бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу жөнінде келісімге келген. Қазір Qualcomm бизнес бағытын кеңейтіп, ірі бұлттық платформаларға арналған арнайы процессорлар жасауда. Компания 2029 жылға қарай деректер орталықтарына арналған чиптер сатылымынан түсетін табысын $15 млрд-қа жеткізуді көздейді. Бұл бағыттағы серіктестерінің қатарында Amazon, Microsoft және Meta бар. 2026 жылдың қыркүйегінде Qualcomm Amazon-мен келісім жасасты. Құжатқа сәйкес, Amazon компанияның жасанды интеллектке арналған чиптері мен өзге де өнімдерін $60 млрд-қа дейін сатып ала алады. Ал Microsoft пен Meta деректер орталықтарына арналған Qualcomm процессорларына тапсырыс беріп отыр. Жаңалық жарияланғаннан кейін 6 қарашада Qualcomm акциялары биржадағы алдын ала сауда кезінде 3%-ға қымбаттады. Ал бір күн бұрын компанияның қыркүйекте аяқталған тоқсан бойынша қаржылық есебі нарық күткен көрсеткіштерден төмен болғандықтан, акциялары 9%-дан астам арзандаған еді. Alphabet Илон Масктың SpaceX компаниясындағы үлесін де аздап ұлғайтты. Холдингке тиесілі акциялар саны шамамен 551,2 миллионнан 555 миллионға дейін өскен. Сообщение Alphabet Qualcomm компаниясына $548 млн инвестиция салды появились сначала на Tech news.