Қазақстан мен Израиль жасанды интеллект, инновациялар және цифрлық инфрақұрылым бағытындағы бірлескен жобаларды талқылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің Израиль Президенті Ицхак Герцогпен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды Tech-news. Кездесу барысында Жаслан Мәдиев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді. Тараптар бұған дейін, Ицхак Герцогтың сәуір айында Қазақстанға жасаған сапары кезінде қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысын қарастырды. Әңгіме барысында бірнеше негізгі бағытқа назар аударылды. Атап айтқанда, жасанды интеллект, технологиялық инновациялар, су ресурстарын тиімді басқару, аса маңызды минералдар және туризм салаларындағы әріптестік мүмкіндіктері сөз болды. Сондай-ақ Қазақстанның alem.ai платформасы мен Data Center Valley жобасы аясында израильдік технологиялық компаниялармен және стартаптармен бірлесіп жұмыс істеу жолдары талқыланды. Бұл бастамалар екі елдің технологиялық экожүйелері арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан делегациясының Израильге сапары Қазақстан мен Израиль арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның оныншы отырысы аясында өтіп жатыр. Сообщение Қазақстан мен Израиль AI және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді появились сначала на Tech news.