Қазақстанда 20-дан астам цифрлық платформа 500 мыңнан астам адамның табыс табуына мүмкіндік беріп отыр. Үкімет электронды сауданы дамыту, ауыл тұрғындарының онлайн-нарыққа шығуын жеңілдету және цифрлық дағдыларды жетілдіру арқылы жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Tech-news. Бұл туралы Үкімет отырысында жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. Жиында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын іске асыру мәселелері қаралды. Жоспар бойынша ауыл кәсіпкерлерін қолданыстағы маркетплейстерге қосуға, тапсырыстарды қабылдау және беру пункттерінің желісін кеңейтуге басымдық беріледі. Сонымен қатар шалғай елді мекендерге тауар жеткізу мүмкіндіктерін жақсарту көзделген. Министрлік халықтың электронды коммерция саласында жұмыс істеуіне қажетті дағдыларды дамытуға да назар аудармақ. Атап айтқанда, азаматтарды цифрлық платформалар мен жасанды интеллект құралдарын пайдалануға үйрету және еңбек нарығының сұранысына сай қайта даярлау платформасын жұмыспен қамту жүйелерімен біріктіру жоспарланып отыр. «Жұмыс ауыл кәсіпкерлерін қолданыстағы маркетплейстерге қосуға, тапсырыстарды қабылдау және беру пункттері желісін дамытуға, оның ішінде шалғай елді мекендерге жеткізуді ұйымдастыруға, сондай-ақ халықты электронды коммерцияға, цифрлық платформалармен және жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеуге бағытталады», — деді министр. Жоспарланған шаралар ауыл тұрғындарының онлайн-саудаға қатысуын жеңілдетіп, кәсіпкерлерге жаңа өткізу арналарын ашуға және азаматтардың цифрлық экономикадағы табыс мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Сообщение Қазақстанда 500 мыңнан астам адам цифрлық платформалар арқылы табыс табады появились сначала на Tech news.